Жаңалықтар | KZ

«ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САПАРЫ» ҰК АҚ “SPACE DAYS KAZAKHSTAN 2025” АЯСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ

Халықаралық ғарыш форумы “Space Days Kazakhstan 2025” шеңберінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ жетекші халықаралық және отандық әріптестермен бірқатар келісімдерге қол қойды.

Ынтымақтастық спутниктік технологияларды дамытуға, тәжірибе алмасуға және ғарыш деректерін экономиканың түрлі салаларында кеңінен қолдануға бағытталған.

Форум барысында келесі негізгі келісімдер жасалды:
«ҚҒС» ҰК АҚ мен Сингапурлық “ORBVIEW PTE. LTD” компаниясы арасында екіжақты кездесу өткізіліп, Дистрибьюторлық келісімге қол қойылды. ORBVIEW – Жерді оптикалық, гиперспектралды және радиолокациялық түсірілімдер арқылы қамтамасыз ететін, 20 жылдан астам тәжірибесі бар ғарыш деректерінің халықаралық дистрибьюторы.
Оңтүстіккореялық “Nara Space” компаниясымен Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Компания микроспутниктерді әзірлеу саласындағы көшбасшылардың бірі болып табылады. 2023 жылы Оңтүстік Кореяның алғашқы коммерциялық 16U оптикалық жерсерігі Observer-1A орбитаға сәтті шығарылды. Алдағы жылдары компания экологиялық өзгерістерді мониторингілеуге арналған спутниктік топтаманы іске қосуды жоспарлап отыр.
Қазақстандық «New ServiceArt» ЖШС компаниясымен Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Компания ІТ-консалтинг және бағдарламалық қамтамасыз ету саласында жұмыс істейді, әлемдік технологиялық брендтердің серіктесі болып табылады және цифрландыру мен процестерді автоматтандыруға арналған инновациялық шешімдер әзірлейді.

Қол қойылған келісімдер Қазақстанның ғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтудің маңызды қадамы болып табылады және елдің ғарыштық технологияларды дамыту мен қолданудағы өңірлік орталық ретіндегі позициясын нығайтады.
2025-09-08 23:54